Етеккір саулығы – жасөспірім қыздардың жалпы және репродуктивті денсаулығының маңызды құрамдас бөлігі. Жыныстық жетілу кезеңінде ағзада елеулі гормондық өзгерістер орын алып, етеккір циклі қалыптасады, сондай-ақ қыз баланың физикалық және эмоционалдық жағдайы өзгереді.
Алғашқы етеккір қашан басталады?
Алғашқы етеккір әдетте 10–15 жас аралығында басталады, көбінесе 11–13 жаста байқалады. Етеккір басталмас бұрын сүт бездерінің ұлғаюы, қолтық пен шат аймағында түктердің пайда болуы, дене бітімінің өзгеруі, сондай-ақ мөлдір немесе ақшыл бөлінділердің бөлінуі мүмкін. Бұлар – жыныстық жетілудің табиғи белгілері.
Етеккір – жатырдың ішкі шырышты қабатының (эндометрийдің) түлеп түсуі нәтижесінде қан бөлінуімен жүретін қалыпты физиологиялық үдеріс. Етеккір ауру емес, сондықтан одан ұялуға немесе қорқуға болмайды.
Қандай етеккір циклі қалыпты болып саналады?
Жасөспірім қыздарда етеккір циклінің ұзақтығы әдетте 21–45 күнді құрайды, ал етеккірдің өзі 2–7 күнге созылады. Алғашқы етеккір басталғаннан кейінгі бірнеше жылда циклдің тұрақсыз болуы мүмкін, себебі гормондық жүйе әлі де қалыптасу кезеңінде болады.
Қыздарға етеккір күнтізбесін жүргізу, етеккірдің басталған және аяқталған күндерін белгілеу, сондай-ақ оның ұзақтығы мен бөліндінің сипатына назар аудару ұсынылады.
Қандай жағдайда дәрігерге қаралу қажет?
Балалар немесе жасөспірімдер гинекологының кеңесіне жүгінуді қажет ететін белгілер:
* 15 жасқа дейін алғашқы етеккірдің басталмауы;
* 90 күн бойы етеккірдің болмауы;
* етеккірдің 7 күннен ұзаққа созылуы;
* қан кетудің шамадан тыс көп болуы;
* іштің төменгі бөлігінің қатты ауыруы;
* бас айналу, айқын әлсіздік немесе естен тану;
* етеккір аралығында қан бөлінуі.
Қан кету өте көп болғанда, естен тану немесе іштің кенеттен қатты ауыруы байқалған жағдайда шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет.
Қалыпты бөлінділер және инфекция белгілері
Жыныстық жетілу кезеңінде қыз балаларда табиғи қынаптық бөлінділер пайда болуы мүмкін. Қалыпты бөлінділер мөлдір немесе ақшыл түсті болады, өткір жағымсыз иісі, қышуы мен ашыту сезімі болмайды.
Сары немесе жасыл түсті бөлінділер, жағымсыз иіс, қышу, ашыту, сыртқы жыныс мүшелерінің қызаруы, зәр шығару кезіндегі ауырсыну және іштің төменгі бөлігінің ауыруы алаңдаушылық туғызуы тиіс. Мұндай белгілер қабыну үдерісін немесе инфекцияны көрсетуі мүмкін, сондықтан дәрігердің кеңесі қажет.
Жиі кездесетін мәселелерге вульвовагинит, кандидоз (молочница), цистит, сондай-ақ жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жатады. Диагнозды өз бетінше қоюға және дәрігердің тағайындауынсыз дәрілік препараттарды қабылдауға болмайтынын есте сақтау маңызды.
Жеке интимдік гигиена ережелері
Қыз баланың денсаулығын сақтау үшін төмендегі ұсыныстарды орындау қажет:
* күнделікті жылы сумен жуыну;
* сыртқы жыныс мүшелерінің тазалығын сақтау;
* қынапты шаюдан (спринцевание) және интимдік аймаққа арналған хош иістендірілген құралдарды қолданудан бас тарту;
* гигиеналық төсемдерді уақытылы ауыстыру;
* іш киімді күнделікті ауыстыру;
* ыңғайлы, ауа өткізетін табиғи матадан тігілген іш киім таңдау;
* жеке сүлгі мен жеке гигиена құралдарын ғана пайдалану.
Етеккір кезінде душ қабылдауға, күнделікті тіршілікпен айналысуға және өзін жақсы сезінген жағдайда дене белсенділігін сақтауға болады.
Етеккір циклінің бұзылыстарының алдын алу
Репродуктивті денсаулықты сақтау үшін жасөспірімдерге дұрыс әрі уақытылы тамақтану, ұйқы және демалыс режимін сақтау, қатаң диеталардан, шамадан тыс физикалық жүктемелерден және күйзелістен аулақ болу ұсынылады.
Сонымен қатар етеккір күнтізбесін жүргізу, медициналық көмекке уақытылы жүгіну және өзін-өзі емдеумен айналыспау маңызды.
Жұқпалы аурулардың алдын алуға, жеке гигиена ережелерін сақтауға, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және инфекциялық аурулардың таралу жолдары туралы жеткілікті ақпараттануға ерекше көңіл бөлу қажет.
Қорытынды
Етеккір – әрбір қыз баланың есейіп, бойжетіп келе жатқан кезеңіндегі табиғи физиологиялық үдеріс. Өз ағзасының ерекшеліктерін білу мазалайтын белгілерді дер кезінде анықтауға және аурулардың алдын алуға көмектеседі.
Жасөспірім қыздардың репродуктивті денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, медициналық көмекке жүгінуден ұялмауға және өздерін қызықтыратын сұрақтарды мамандарға еркін қоюға үйрету қажет.
Денсаулыққа қамқорлық дұрыс білімнен, жеке гигиена ережелерін сақтаудан және өз ағзасына мұқият қараудан басталады.