Жыл сайын 1 желтоқсанда Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні атап өтіледі. Бұл күн қоғам назарын АИТВ-инфекциясы мәселесіне аударуға, оның алдын алу, уақтылы диагностикалау және емдеудің маңыздылығын еске салуға, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қолдау көрсету қажеттігін түсіндіруге бағытталған.
2026 жылы халықаралық ақпараттық науқан «Кедергілерді еңсеру — ЖИТС-ті тоқтату қолжетімділіктен басталады» (Ending AIDS starts with access) ұранымен өтеді.
Қазақстанда 25 қараша мен 4 желтоқсан аралығында халықтың АИТВ туралы хабардарлығын арттыруға, профилактикалық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған ұлттық ақпараттық-ағартушылық науқан өткізіледі.
АИТВ мен ЖИТС: айырмашылығы неде?
АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) — адамның иммундық жүйесін зақымдап, ағзаның инфекцияларға қарсы тұру қабілетін біртіндеп төмендететін вирус.
ЖИТС (жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы) — қажетті ем қабылданбаған жағдайда дамуы мүмкін АИТВ-инфекциясының ең ауыр сатысы.
АИТВ мен ЖИТС бір ұғым емес екенін түсіну маңызды. Заманауи антиретровирустық терапияның (АРТ) арқасында АИТВ-мен өмір сүретін адамдар денсаулығын сақтап, толыққанды өмір сүре алады және аурудың асқынуының алдын алады.
АИТВ қалай жұғады?
АИТВ жұғуының үш негізгі жолы бар:
-
Жыныстық жолмен — қорғаныссыз жыныстық қатынас кезінде.
-
Қан арқылы — стерильді емес инелерді, шприцтерді және қанмен жанасатын басқа да құралдарды пайдалану кезінде.
-
Анадан балаға — қажетті профилактикалық шаралар жүргізілмеген жағдайда жүктілік, босану немесе емшек емізу кезінде.
Сонымен қатар, АИТВ қол алысу, құшақтасу, ортақ ыдыс-аяқ пен тұрмыстық заттарды пайдалану, жөтелу, түшкіру немесе жәндіктердің шағуы арқылы жұқпайтынын есте сақтау қажет.
АИТВ-мен өмір сүретін адамдармен күнделікті қарым-қатынас жасау, бірге жұмыс істеу, оқу және тұрмыстық байланыста болу қауіпсіз.
Неліктен АИТВ-ға уақтылы тестілеуден өту маңызды?
АИТВ-инфекциясы ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Адам өзін жақсы сезініп, ағзасында инфекция бар екенін білмеуі ықтимал.
Өзінің АИТВ-мәртебесін анықтаудың жалғыз сенімді жолы — тестілеуден өту.
Уақтылы диагностика:
-
Инфекцияны ерте кезеңде анықтауға;
-
Антиретровирустық терапияны дер кезінде бастауға;
-
Денсаулық пен өмір сапасын сақтауға;
-
АИТВ-ның одан әрі таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда азаматтар үшін АИТВ-ға ерікті және құпия тестілеу қолжетімді. Мұндай тексеруден бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында және ЖИТС орталықтарында өтуге болады.
Алайда ықтимал жұқтырудан кейін инфекция тест арқылы әлі анықталмайтын белгілі бір кезең болатынын ескеру қажет. Сондықтан тест нәтижесі теріс болғанымен, жұқтыру қаупі сақталса, медицина қызметкерінің ұсынымы бойынша қайта тексерілу қажет болуы мүмкін.
Бүгінде АИТВ — үкім емес
Заманауи медицина АИТВ-инфекциясын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Антиретровирустық терапия вирустың көбеюін тежейді, иммундық жүйені қолдайды және асқынулардың даму қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Бұл ретте «А = Б» — «Анықталмайтын = Берілмейтін» қағидаты ерекше маңызға ие.
Бұл АИТВ-мен өмір сүретін, емді тұрақты қабылдайтын және қанындағы вирустық жүктемесі анықталмайтын деңгейде сақталатын адамның АИТВ-ны жыныстық жолмен жұқтырмайтынын білдіреді.
Емдеуді уақтылы бастау және дәрігердің ұсынымдарын сақтау АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға ұзақ, белсенді әрі толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді.
АИТВ-инфекциясының алдын алудың негізгі шаралары
АИТВ-ның алдын алу өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және қарапайым, бірақ тиімді қауіпсіздік шараларын сақтауға негізделеді.
АИТВ жұқтыру қаупін төмендету үшін:
-
Жыныстық қатынас кезінде мүшеқап пайдалану;
-
Жеке қауіп факторларын ескере отырып, АИТВ-ға жүйелі түрде тестілеуден өту;
-
Ортақ инелерді, шприцтерді және қанмен жанасуы мүмкін басқа да құралдарды пайдаланбау;
-
Құралдардың стерильділігіне қойылатын талаптарды сақтайтын мекемелерге ғана жүгіну;
-
АИТВ жұқтыру қаупі жоғары болған жағдайда дәрігермен жанасуға дейінгі профилактика (ДКП, PrEP) туралы кеңесу;
-
АИТВ жұқтыру қаупі бар жағдай орын алса, жанасудан кейінгі профилактиканы (ПКП, PEP) тағайындау мәселесін шешу үшін дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Мұндай профилактиканы 72 сағаттан кешіктірмей бастау керек.
АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу да ерекше маңызға ие. Жүкті әйелдерді уақтылы тексеру, мамандардың бақылауы және антиретровирустық терапияны қолдану баланың инфекция жұқтыру қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазақстандағы АИТВ-инфекциясына қатысты жағдай
Ұлттық науқан тұжырымдамасында ұсынылған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретін 38 029 адам есепте тұрған.
Олардың ішінде:
-
85%-ы өзінің АИТВ-мәртебесін білген;
-
92%-ы өзінің мәртебесін білетін адамдардың арасынан антиретровирустық терапия қабылдаған;
-
93%-ында ем қабылдаушылардың арасынан вирустық жүктеменің басылған деңгейіне қол жеткізілген.
Бұл көрсеткіштер профилактикалық шараларды одан әрі дамытудың, тестілеудің қолжетімділігін арттырудың және емдеуді уақтылы бастаудың маңыздылығын көрсетеді.
Кемсітушіліктің орнына — қолдау мен түсіністік
АИТВ-ға қарсы күрестегі маңызды мәселелердің бірі — қорқыныш, жаңсақ пікірлер және кемсітушілік.
Вирустың берілу жолдары туралы жалған ақпарат АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты негізсіз қорқыныш тудырып, олардың медициналық көмекке уақтылы жүгінуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Әрбір адамның құрметпен қаралуға, медициналық ақпараттарының құпия сақталуына және қажетті медициналық көмек алуға құқығы бар.
АИТВ-мәртебесі адамның қадір-қасиетін анықтамайды.
Қолдау, түсіністік және шынайы ақпарат адамдардың қорықпай тексеруден өтуіне және қажетті ем алуына жағдай жасайтын қоғам қалыптастыруға көмектеседі.
Өз АИТВ-мәртебеңізді білу — денсаулықты сақтаудың маңызды қадамы
Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні әрқайсымызға АИТВ-ның алдын алу ақпараттанудан, жауапты мінез-құлықтан және өз денсаулығымызға қамқорлық жасаудан басталатынын еске салады.
Қорқыныш немесе ауру белгілерінің болмауы салдарынан тексерілуді кейінге қалдырмаңыз. Уақтылы тестілеу денсаулықты сақтауға, ал инфекция анықталған жағдайда емдеуді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.
Есте сақтаңыз: АИТВ-ның алдын алуға, оны анықтауға және бақылауда ұстауға болады.
Өз АИТВ-мәртебеңізді біліңіз. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына қамқорлық жасаңыз. АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қолдау көрсетіңіз.
«Амбулаторлық орталық» мекемесі
Ақпараттық материал 2026 жылғы 1 желтоқсан — Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған ұлттық ақпараттық-ағартушылық науқан тұжырымдамасы негізінде дайындалды.